01
сентябрь
2025
«Мектебім-мейірім мекені!»
Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №28 жалпы орта білім беретін мектебінде жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында білім алушыларға білімнің басымдылығы мен маңыздылығын ұғындыру және жағымды көңіл-күй, оң көзқарас қалыптастыру мақсатында «Мектебім-мейірім мекені!» тақырыбымен білім күнінің салтанатты жиыны өткізілді.
Бүгінгі таң шапағы шұғыла шашып, жанарлары жалтылдаған мектепке асыққан бүлдіршіндер, үмітін үкілеген ата-аналар, ертеңге нық сеніммен қараған ұстаздардың тілегімен астасып жатты. Мектебіміздің мәжіліс залында шарықтай шырқалған еліміздің Əнұраны, кішкентай бүлдіршіндердің лүпіл қаққан жүректері, əуелеген əн, күмбірлеген күй, ардагер ұстаздардың, ата-аналардың жүрек жарды лебіздері бүгінгі күннің сəні мен салтанатының ерекше екендігін айқындап тұрғандай. Бүгінгі күн жаңа оқу жылында жақсылыққа, ізгілікке, бақыт пен шаттыққа жас жеткіншектердің жүрегін толтыратын сəттердің көп болатындығын айқындап тұрғандай.
Мектебіміздің басшысы Г.Д.Юсупова жас жеткіншектерді, ата-аналарды, ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтады. Жастар еліміздің болашағы, ертеңіміздің бағдары екендігін, ел ертеңі жастармен тікелей байланысты екендігін атап өтті. Салтанатты жиынға келген қонақтар сөз алып жас жеткіншектерімізге, мектеп ұжымына деген өздерінің жүрек жарды лебіздерін жеткізді.
Биылғы 2025-2026 оқу жылына мектебіміз толықтай дайын.
Оқыту жүйесіне енгізілген заманауи әдістер мен жаңа технологиялар- оқушылардың сыни ойлауын дамытып, цифрлық сауаттылығын арттыруға, ғылыми пәндерге қызығушылығын оятуға және шығармашылық, креативті қабілеттерін дамытуға бағытталған.
2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап мектебімізде тәрбие жұмысы жаңартылған «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бұл бағдарлама-бұған дейін қолданылып келген «Біртұтас тәрбие» жобасының жалғасы. Жаңа атауы мен мазмұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Адал Азамат-Адал еңбек-Адал табыс» идеологиялық тұжырымдамасына негізделген.
Биылғы оқу жылы сəтті басталып, мектебіміздің ұстаздары мен шəкірттеріне жемісті де, жеңісті жыл болады деп кəміл сенеміз!

















