03
февраль
2025
“Қызға қырық үйден тыйым” тақырыбында кездесу ұйымдастырылды
03 ақпан күні, мектебіміздің “Сырласу” қыздар клубының жұмысы аясында “Қызға қырық үйден тыйым” тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Жиынға 8-11 сыныптардың қыз балалары қатысты.
Іс-шараның мақсаты - кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім қыздардың арасында ерте жүктілік пен суицид мәселелерінің алдын алу. Сол арқылы аруларымыздың бойында ұлттық құндылықтарды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.А.Исакулова қыз баланың тәрбиесі, мінез-құлқы, әдеті мен әдебі жайлы сөз қозғап, соның ішінде қыз бен ұлдың арасындағы дұрыс қарым-қатынас, өзіне және әрбір қадамын аңдап басып, үлкен жауапкершілік таныту, қыз баланың ісіне ата-ана мен бауырларына келер әсері, өз өмірін дұрыс жоспарлап, нақты мақсаттар қойып, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсау керек сияқты көптеген мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.
Алайда кез-келген мәселенің шешімі бар екендігін, өмірде қандай қиын жағдайға душар болса да, оның шешу жолдары бар екендігін ойларына түйіп алса деген оймен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, тақырыпқа сай психологиялық жаттығулар жүргізді, ерте жүктілікті болдырмауды насихаттайтын әлеуметтік бейнероликті назарларына ұсынды.
мектеп медбикесі Тургумбаева Бахтыгул Серікызы Осы мәселелердің жасөспірімнің әлі толық дамып-жетілмеген организміне тигізер орасан зор кері әсері жайлы медициналық тұрғыдан түсіндірді, өз-өзіне қол жұмсаудың ешбір маңызы жоқ екендігін айқындайтын бейнеролик көрсетті.
Әрбір адамның тағдыры - өз қолында және өз өміріңді қалай жоспарлайсың, солай жақсы жетістіктерге жетесің, не өз болашағыңа балта шабасың! Әрбір ата-ана өз баласы мен қызына үлкен үміт артып, жақсы толыққанды білім алып, жан-жақты дамуы үшін, өз ортасынан кем қалмауы үшін барлық жағдайды жасап, үлкен азаматтар болуын қалайды, сенеді, үміттенеді. Солардың үмітін ақтау - әрбір баланың парызы!
Қыз тәрбиесі, дұрыс киім кию үлгісі, көпшілікте өзін дұрыс ұстау, ұл балалармен қарым-қатынасы, дұрыс сөйлеу мәнері, т.б. қыз тәрбиесіне байланысты, ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған әңгімелесудің соңында қыздарға тақырыптық сұрақтар қойылып, өте терең мағыналы, ақылды жауаптар алынды. Сонымен қатар, оқушы қыздар көкейлерінде туындаған сұрақтарын қойып, қызықты да ақылды ойларымен бөлісті.
Жиын соңында қатысушылар бүгінгі ұйымдастырылған кездесуге алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта осындай кездесулер мен ой бөлісулер өз жалғасын таба берсе деген ниет білдірді.